Батыс Қазақстан облысының әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы
"№4 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫ" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны

Тіліңізді таңдаңыз

Пациенттердің құқықтары мен міндеттері

(Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 193-IV Кодексі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы»)


88-бап. Азаматтардың құқықтары

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының:

1) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға;

2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттары уәкілетті орган айқындайтын тізбеге сәйкес амбулаториялық деңгейде тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге;

РҚАО-ның ескертпесі!
3) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР 16.11.2015 № 406-V Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

3) медициналық ұйымды, сапалы әрі уақтылы медициналық көмекті еркін таңдауға;

РҚАО-ның ескертпесі!
4) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР 28.12.2018 № 208-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

4) өздерінің жеке қаражаты, ұйымдардың, ерікті медициналық сақтандыру жүйесінің өздерінің қаражаты және тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс қосымша медициналық көрсетілетін қызметтерге;

РҚАО-ның ескертпесі!
1-тармақты 4-1) тармақшамен толықтыру көзделген - ҚР 28.12.2018 № 208-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

5) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен көрсетілімдер болған кезде, бюджет қаражаты есебінен шетелде медициналық көмек алуға;

6) медицина қызметкерлерінің дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы дұрыс тағайындамауынан және қолданбауынан денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;

7) еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама бере отырып, еңбекке уақытша жарамсыздық фактісін куәландыруға;

8) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және емдеуші дәрігерден олардың құзыреті шегінде аурулар профилактикасының, диагностикасының, оларды емдеудің және медициналық оңалтудың әдістері, клиникалық зерттеулер, қоршаған ортаның жай-күйін, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын, дұрыс тамақтану мен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың қорытындыларын қоса алғанда, денсаулыққа әсер ететін факторлар туралы дәйекті ақпаратты өтеусіз алуға;

9) дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналысы саласындағы мемлекеттік органдардан, тәуелсіз сарапшы ұйымдардан және субъектілерден өткізілетін дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасы туралы ақпарат алуға;

10) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) денсаулық сақтау ұйымына, жоғары тұрған органға және (немесе) сот тәртібімен шағым жасауға;

11) мемлекеттік медициналық сараптама қорытындыларымен келіспеген жағдайда, тәуелсіз сарапшыларды тарту туралы өтінішхат беруге;

12) өлгеннен кейін өздерінен тіндерін (тінінің бөлігін) және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөлігін) транспланттау мақсатында алу мүмкіндігі туралы ерікті түрде еркін білдіруіне құқығы бар.

2. Әйелдің ана болу туралы мәселені өзі шешуге және отбасын жоспарлау мен өз денсаулығын сақтау мақсатында, өзі қаламайтын жүктіліктен сақтанудың қазіргі заманғы әдістерін еркін таңдауға құқығы бар.

Азаматтардың ана болуды қорғау құқығы:

РҚАО-ның ескертпесі!
1) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

1) ұрпақты болу жасындағы әйелдерге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде медициналық қарап-тексеру, оларды динамикалық байқау және сауықтыру;

2) науқас баланы күтіп-бағу үшін стационарға түскен кезде әйелдердің ұрпақты болу денсаулығына және баланың денсаулығына тікелей әсер ететін негізгі ауруларды медициналық көрсетілімдер бойынша емдеу арқылы қамтамасыз етіледі.

Жүкті әйелдер мен бала емізетін аналардың жұмыс уақытының режимі, жүктілігі мен босануы бойынша демалысы және еңбек жағдайлары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді.

3. Психикасының бұзылушылығы (ауруы) бар адамдардан басқа, жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдардың жынысын ауыстыруға құқығы бар.

Жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдарды медициналық куәландыру және олардың жынысын ауыстыруды жүргізу қағидаларын уәкілетті орган белгілейді.

4. Бас бостандығы шектеулі азаматтарға, сондай-ақ сот үкімі бойынша жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жүрген, арнайы мекемелерге орналастырылған адамдарға медициналық көмек уәкілетті органмен келісу бойынша қылмыстық-атқару жүйесі органдары айқындайтын тәртіппен көрсетіледі. Аталған адамдар медициналық көмек алу кезінде Қазақстан Республикасы азаматтарының жоғарыда келтірілген барлық құқықтарын пайдаланады.

5. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын оралмандар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде алуға құқығы бар.

Егер заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасында уақытша болатын оралмандар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың айналадағыларға қауіп төндіретін қатты аурулары болған кезде уәкілетті орган айқындайтын тізбеге сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.

5-1. Босқындарға, сондай-ақ баспана іздеп жүрген адамдарға уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және көлемде, барынша дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер көрсетіледі.

6. Алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

Ескерту. 88-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2013.01.08 N 64-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 15.04.2013 N 89-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 06.04.2015 № 299-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2015 № 406-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 30.06.2017 № 80-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 208-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 211-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

91-бап. Пациенттердің құқықтары

1. Пациенттің осы Кодекстің 88-бабында көрсетілген құқықтардан басқа:

1) диагностика, емдеу және күтім жасау процесінде өзіне лайықты ілтипат жасалып, өзінің мәдени және жеке басының құндылықтарына құрмет көрсетілуіне;

2) қандайда бір кемсітушілік факторларының ықпалынсыз, тек қана медициналық критерийлер негізінде айқындалатын кезектілікпен медициналық көмек алуға;

3) дәрігерді немесе медициналық ұйымды, оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек көрсететін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында қызметін жүзеге асыратын шетелдік дәрігерді таңдауға, ауыстыруға;

3-1) медициналық ұйымда аудио- және (немесе) бейнебақылау және жазба жүргізілетіндігі туралы хабарландырылуына;

4) отбасының, туыстары мен достарының, сондай-ақ діни бірлестіктер қызметшілерінің тарапынан қолдау көрсетілуге;

5) медициналық технологиялардың қазіргі деңгейі қандай мүмкіндік берсе, сондай шамада дерт зардабының жеңілдетілуіне;

6) өзінің денсаулық жағдайы туралы тәуелсіз пікір естуге және консилиум өткізілуіне;

7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары болады.

2. Көру және (немесе) есту қабілеттері бұзылған адамдар үшін қолжетімділігі ескеріле отырып, пациенттің өз құқықтары мен міндеттері туралы, көрсетілетін қызметтер, көрсетілетін ақылы қызметтердің құны, олардың ұсынылу тәртібі туралы ақпаратты алуға құқығы бар. Пациенттің құқықтары туралы ақпарат медициналық ұйымдардың көрнекі үгіт орналасатын жерлерінде орналастырылуға тиіс.

Медициналық ұйымға түскен кезде пациентке өзіне медициналық қызметтер көрсететін адамдардың аты-жөні мен кәсіптік мәртебесі туралы, сондай-ақ медициналық ұйымның ішкі тәртібінің қағидалары туралы мәліметтер берілуге тиіс.

3. Медициналық көмек хабардар етілген пациенттің ерікті түрдегі ауызша немесе жазбаша келісімі алынғаннан кейін көрсетілуге тиіс. Инвазиялық араласулар кезінде пациенттің ерікті түрдегі жазбаша келісімі уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жасалады.

4. Пациент медициналық көмек алу кезінде ұсынылатын және баламалы емдеу әдістерінің ықтимал қатері мен артықшылықтары туралы деректерді, емделуден бас тартудың ықтимал салдарлары туралы мәліметтерді, пациентке түсінікті болатын нысандағы диагноз, емдік іс-шаралардың болжамы мен жоспары туралы ақпаратты қоса алғанда, өз денсаулығының жай-күйі туралы толық ақпаратты алуға, сондай-ақ оны үйге шығару немесе басқа медициналық ұйымға ауыстыру себептері туралы түсінік алуына құқығы бар.

5. Пациент өз денсаулығының жай-күйі туралы ақпаратты хабарлау қажет болатын адамды тағайындай алады. Пациенттің ақпарат алудан бас тартуы жазбаша ресімделеді және медициналық құжаттамаға енгізіледі.

6. Егер медициналық апараттың берілуі пациентке пайдасын тигізбейтіні былай тұрсын, елеулі зиянын да тигізеді деуге кесімді негіз болса ғана ақпарат пациенттен жасырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда осы ақпарат пациенттің жұбайына (зайыбына), оның жақын туыстарына немесе заңды өкілдеріне хабарланады.

7. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының клиникалық базалары жағдайында медициналық көмек алатын пациенттердің оқу процесіне қатысудан, сондай-ақ емдік-диагностикалық рәсімдердің өткізілуі кезінде үшінші тұлғалардың қатысуынан бас тартуға құқығы бар.

8. Пациенттердің құқықтарын қорғауды денсаулық сақтау органдары, ұйымдары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.

9. Пациенттің медициналық көмек алу кезінде тағайындалған дәрілік зат туралы толық ақпарат алуға құқығы бар.

10. Некелесетін азаматтардың медициналық және медициналық-генетикалық зерттеп-қаралуға құқығы бар.

Ескерту. 91-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2015 № 299-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

92-бап. Пациенттердің міндеттері

1. Пациент осы Кодекстің 90-бабында көрсетілген міндеттерден басқа:

1) өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға шаралар қолдануға;

2) медицина қызметкерлерімен қатынаста сыйластық пен сабырлылық көрсетуге;

3) диагноз қою және ауруды емдеу үшін қажетті бүкіл ақпаратты дәрігерге хабарлауға, медициналық араласуға келісім бергеннен кейін емдеуші дәрігердің барлық нұсқамаларын мүлтіксіз орындауға;

4) медициналық ұйымның ішкі тәртібінің қағидаларын сақтауға және мүлкіне ұқыпты қарауға, медициналық көмек алу кезінде медицина персоналымен ынтамақтастықта болуға;

5) диагностика мен емдеу процесінде, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар не оларға күдік пайда болған жағдайларда, өз денсаулығы жай-күйінің өзгерісі туралы медицина қызметкерлерін уақтылы хабардар етуге;

6) басқа пациенттердің құқықтарын бұзатын іс-әрекеттер жасамауға;

7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға;

8) медициналық ұйыммен жасалған шартқа сәйкес амбулаториялық деңгейде медициналық және дәрілік көмек алу кезінде тағайындалған барлық нұсқамаларды орындауға міндетті.

2. Осы баптың 1-тармағының 2) - 4) тармақшаларында көрсетілген пациенттердің міндеттері науқас балаға стационарда күтім жасауды тікелей жүзеге асыратын ата-анасына немесе өзге де адамдарға қолданылады.

Ескерту. 92-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 06.04.2015 № 299-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

93-бап. Медициналық көмектен бас тарту құқығы

1. Осы Кодекстің 94-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, пациенттің немесе оның заңды өкілінің медициналық көмектен бас тартуға құқығы бар.

2. Медициналық көмектен бас тартқан кезде, пациентке немесе оның заңды өкіліне оған түсінікті түрде аурудың ықтимал салдарлары туралы түсіндірілуге тиіс.

3. Медициналық көмектен бас тарту, оның ықтимал салдарлары көрсетіле отырып, медициналық құжаттарға жазбамен ресімделеді және оған пациент не оның заңды өкілі, сондай-ақ медицина қызметкері қол қояды.

Пациент не оның заңды өкілі медициналық көмектен бас тартуға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, медициналық құжаттамаға бұл туралы тиісті жазбаны медицина қызметкері жүзеге асырады және оған қол қояды.

4. Кәмелетке толмаған адамның не әрекетке қабілетсіз адамның заңды өкілдері аталған адамдардың өмірін сақтап қалу үшін қажетті медициналық көмектен бас тартқан кезде, медициналық ұйым олардың мүдделерін қорғау үшін қорғаншы және қамқоршы органға және (немесе) сотқа жүгінуге құқылы.

94-бап. Азаматтардың келісімінсіз медициналық көмек көрсету

1. Азаматтардың келісімінсіз:

1) өз еркін білдіруге мүмкіндік бермейтін есеңгіреген, ес-түссіз жағдайдағы;

2) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардан зардап шегуші;

3) психикасының ауыр түрде бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші;

4) психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші және қоғамға қауіпті әрекет жасаған адамдарға қатысты медициналық көмек көрсетуге жол беріледі.

2. Кәмелетке толмаған адамдарға және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтарға қатысты медициналық көмек көрсетуге келісімді олардың заңды өкілдері береді. Заңды өкілдері болмаған кезде медициналық көмек көрсету туралы шешімді консилиум қабылдайды, ал консилиумды жинау мүмкін болмаған кезде - медициналық ұйымның лауазымды адамдарын және заңды өкілдерді кейіннен хабардар ете отырып, шешімді тікелей медицина қызметкері қабылдайды.

3. Азаматтардың келісімінсіз медициналық көмек көрсету осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер жойылғанға дейін жалғастырылады.

Ескерту. 94-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.29 N 375-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

Маңызды телефондар

Пациенттерге қолдау көрсету қызметініңмеңгерушісі
Айшева Светлана Естигалиевна
+7 (7112) 527934
Жедел көмек көрсету бөлімі
+7 (7112) 528057
Емдеуге жатқызу бюросы
+7 (7112) 527934
Тіркеу бөлімі
+7 (7112) 918056, +7 708 7672196
Ситуациялық орталық
+7 700 713 4847

Байланыс ақпараты

Мекенжайы:
Қ.Мусин көшесі, 62. 090004, Орал қаласы, Батыс Қазақстан облысы, Қазақстан
Почта
poliklinika477@med.mail.kz
Телефон
+7 (7112) 527933, 528033